Created: 06 Наурыз 2026
10

98 жас жасаған ардақты әжеміз Кашенова Әмина апаны арнайы барып құттықтады

8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Сырымбет тарихи-этнографиялық музейінің қызметкерлері ауылымыздың ең қарт тұрғыны, 98 жас жасаған ардақты әжеміз Кашенова Әмина апаны арнайы барып құттықтады.
Ғасыр жасаған дана әже – ауылымыздың мақтанышы, көпті көрген, өнегелі өмір жолымен кейінгі ұрпаққа үлгі болып отырған ардақты жан. Әмина әже ұзақ ғұмырында талай тарихи кезеңдерді бастан кешіріп, елдің өсіп-өркендеуіне өз үлесін қосқан еңбекқор, мейірімді ана, асыл әже.
Мерекелік кездесуде Сырымбет тарихи-этнографиялық музейінің қызметкерлері әжеге жылы лебіздерін білдіріп, сыйлықтарын табыстады. Олар әженің ұзақ та өнегелі өмірі жастарға үлкен тәрбие мен тағылым екенін атап өтті.
Кездесу барысында Әмина әже өткен өмір жолынан сыр шертіп, жас ұрпаққа ақ батасын берді. Оның айтқан естеліктері мен ақыл-кеңестері жиналғандарға ерекше әсер қалдырды.
Музей қызметкерлері ауылымыздың осындай ардақты аналары мен әжелерін құрметтеу – кейінгі буынның парызы екенін айтып, мереке күні шынайы ықыластарын жеткізді.
Біз де ауылымыздың абыройы болып отырған Әмина әжеге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейміз. Ұрпағының қуанышын көріп, аман-есен ортамызда жүре беруіне тілектеспіз.
Ардақты әжелеріміз аман болсын!
8 Наурыз мерекесі құтты болсын!