1835 жылы қараша айында жұртшылыққа танымал сұлтан Шыңғыс Уәлихановтың отбасында дүниеге келді. Балалық шағы Уәлихановтардың қыстауы орналасқан Сырымбет қойнауында өтті.
1847 жылы 12 жасар Шоқан Сібір өлкесіндегі сол кездегі ең таңдаулы оқу орны есептелінентін Омск кадет корпусына оқуға түседі.
1853 жылы кадет корпусын бітірген Шоқан Батыс Сібір генерал-губернаторы Г.Х. Гасфорттың қарамағына қызметке жіберіледі. Ш. Уәлихановтың қоғамдық және әдеби қызметі басталды. Ол қазақ халқының географиясын, тарихын, салт-дәстүрін және қырғыз поэзиясын зерттейді.
1854-1857 жылдары Ш. Уәлиханов Оңтүстік Қазақстан мен Қырғызстанға жіберілген экспедицияға белсене қатысады.
1855-1857 жылдардағы Ш. Уәлихановтың алғашқы саяхаттарының ғылыми нәтижесі «Ыстық көлге саяхат күнделігі» және «Қырғыздар туралы» очерктерінде көрініс тапты.
1859-1859 жылдары ол өзінің аса тартымды да қауіпті саяхатын Шығыс Түркістанға жасады. «Саудагер Әлімбай» ретінде ол Семейде жасақталған сауда-керуенімен бірге Қашқар қақпасына қадам басты.
1861 жылы көктемде қатты ауырған Ш. Уәлиханов Петербургпен қоштасуға мәжбүр болды. Туған елге қайтып оралған Ш. Уәлиханов ғылыми және қоғамдық жұмысын одан әрі белсенділікпен жалғастырды.
Шоқан Уәлиханов 1865 жылы сәуірде Алтынемел жотасының етегіндегі Көшентоған қойнауында қайтыс болды (Алматы облысы, Кербұлақ ауданы, Шанханай ауылы).
Халқымыздың біртуар ардақты ұлы, ғұлама ғалымы Шоқан бабамыз аз ғана ғұмыр кешсе де, елінің ертеңін ойлап, оның кемелді ойларымен ұрпағына өшпес мұра ретінде қалдырған еңбектері мен шығармалары өзінің өлместігімен мәңгі жасай бермек.