Бұл дегеніңіз құн жетпейтін сый, ең жоғарғы марапат емес пе! Осы жайында естігенімізде, жаналық-жақсылыққа құлақ түріп отыратын ел-ағайынның қуанышына шек болған жоқ. Еліміздің азаматы болу – ұлы абырой, елінің игілігі үшін адал еңбек етуден артық бақыт бола қоймас! Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік бастылыққа қарамастан осындай азаматтардың еңбегін бағалап, уақыт бөліп құттықтауын. «Нағыз адамгершіліқ қой бұл дегенің!» - десіп қуанып, батасын беріп жатыр. Туған жері осындай ұлдарын аялап қадірлейді. Осындай ұл-қыздарымызды мақтан тұтып, есімдерін биікке көтеріп жүреміз десем артық айтқаным болмас.
Қарап отырсаң Сырымбеттің еңсесін биіктететін баурайында түлеп ұшып жатқан перзенттері. Сырымбетті білмейтін адам елімізде кемде-кем шығар. Кездескен адамдардың аузына ең алдымен мақтанышымыз Шоқан Уәлиханов, Үкілі Ыбырай, Ақан Сері, Орынбайдың есімдері оралады. Бұлар алдыңғы қатардағы шоқ жұлдыздарымыз. Осы шоқ жұлдыздарымыздың қатары күннен-күнге көбейе түсуде. Оларды саралап айтар болсақ: Бәйкен Әшімов, Қажахмет Балахметов, Ұлтай Нұрсейітов, Кешегі бұл дүниеден өткен Еркін Әуелбеков пен Төлеу Сүлейменов. Кейінгі жұлдыздарымыз: Кәкімбек Салықов, Шот-Аман Уәлиханов, Неғмет Уәхитов. Шәкірттеріміз: Болат Жанаділов, Армия Әбілқайыров, Әділбек Бейсенбин, Қаратай Ескендіров, Жеңіс Қабыкенов, Сапар Ешмұхамбетов, Абай Байгенжин, Тайлақ Жалмұрзенов, Марат Зұлқарнаев, Сапарғали Жағыпаров, Марат Нұрғожиндер еліміздің еңсесін көтеріп, сырлы Сырымбетімізді елден ерек биіктетіп тұрары сөзсіз.
Сөз өткелі отырғаным азаматымыз Шот-Аман Едіресұлы жайында. Әуелгі азан шақырып қойған есімі Шот-Аман. Ата-анасының, ағайынның еркелетіп Шота деп кеткенінен бүкіл ауыл Шота дейміз. Әңгімеміз Шота деген атымен өрбімек. Шотаның кіндік қаны тамып, туған жері Сырымбет тауының етегіндегі, Шоқан бабасының талай дем алып қайтқан күмістей жарқыраған көлінің ығындағы, Сырымбет (Казгородок) ауылындағы Едірестің шаңырағы еді. Едірес оқыған, білімді, елге қадірі адам болған.
Шотаның әкесі – Едірес, анасы – Нәубет. Шешесі Нәубет көркем, таза, ақылды, қайырымды адам болыпты. Әке – шешенің аңсаған арманы орындалып, Тұрсын, Шот-Аман атты ұлдар дүниеге келді. Тұрсын ұзын бойлы, келбетті, киген киіміне қызыға қарайтын едік дейді көргендер. Тұрсын Алматыдан заңгерлік, білім алып, сотта тергеушілік қызмет атқарған. Бабаларының сәулетшілік өнері осы немерелеріне дарығаны айдан анық көрініп тұр. Тұрсын да ғажап суретші болған.
Екінші ұлы Шот-Аман 1932 жылы сәуірдің жиырма алтыншы жұлдызында дүниеге келген. «Ей, білімдар, түзу ұста жібінді, кетпе ұмытып, ойлан тек пен түбінді,» -деп, ұлы ойшыл, данышпан ақын Ю. Баласағұни айтқандайын, Шота қайда жүрсе де өзінің тегін ұмытқан емес. Бабалары Шоқан, Мақыға тартқан ол, кішкентайынан алғыр болды. Өнерге деген құштарлық оны алға жетеледі. Өте жақсы оқығандықтан жетінші кластан сегізді оқымай-ақ бірден тоғызыншы класқа отырғызған деседі. Сол кезде мектепте «Білім» атты қабырға газеті ай сайын шығып тұратын. Оның сурет жағы, безендірілуін Шота басқарса, мақала, творчетсволық шығармаларды Кәкімбек ағамыз басқаратын. Сабаққа кешігіп келгендер, тәртіп бұзушылар, екілік алушылар жайындағы карикатуралар мен оған арналған сықақ өлеңдер өте қызықты болушы еді. Осы кездегі мектеп директоры Мұсахан Қанапиянов, мұғалімдер: Қаусыл Жәкенов, Ғабдулхай Рамазанов, Қойшы Биболаев, Ғани Дәуітбаев, Қажахмет Балахметов, сияқты жоғары білімді ұстаздар еді. Домбыра үйірмесі мен көркемөнерпаздар үйірмесін жас домбырашы Нұрманов Хамит басқарды. Кәкімбектің домбыра тартуы осы тұста басталады. Осындай дүлдүл ұстаздардан білім алған шәкірттер де осал бола қоймасы сөзсіз. Сол жылғы оныншыны бітірген сол кластың оқушыларының көбі жоғарғы оқу орнына, қалғандары арнаулы мамандық алатын техникумға түскен еді. Кәкімбек, Шота, Айша алтын медальға, біразы күміс медальға ие болды. Кәкімбек пен Шота Москваның түсті металлургия институтына баратын болды. Бірақ, бір күні ойламаған жерден күтпеген жағдай болды. Газет бетінен «Москваның архитектура институтына шақырады» деген жарнаманы оқыған Шота бірден осы оқуға баруға бел байлайды. Түкпірдегі қазақ ауылынан барған жалғыз бала кідіріссіз қабылданды. Күні-түні оқу керек болды. Қазақша оқып барған студентке орыс тілін көп оқып, жақсы білуі керек болды. Өзінің алғырлық талантының арқасында жақсы оқып, 1986 жылы «Архитектор» дипломын алып, Алматыға оралды. Алғаш қалалық архитектор. Бас архитектордың орынбасары, Қазақстан сәулетшілер одағы басқармасының төрағасы қызметін атқарды. Ол ұлттық архитектураны жоғары көтерді. Талай елдерге сапар шегіп, қазақ өнерін шетелде таныта білді. Архитектураның ірі шеберлерімен пікірлес болды. Сәулет өнерінің негізі – идея. Сол идеяны қағазға түсіріп, адамдардың көзін жеткізу үшін ұйқысыз талай күн мен түндерді басынан өткізді. Шота өлеңді бала күнінен жаза бастаған. Драмалық шығармаларға да көп көңіл бөлді, әсіресе балалары туралы жазған драмалық шығармалары көптің көңілінен шықты. Қойылымдарды да көрдік. Шот-Аман Ыдырысұлы Уәлиханов Сәулетшілер одағының төрағасы, мемлекеттік бас жобалау интитутының архитекторы, Қазақстан мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген архитекторы. Осындай ең жоғары марапаттың иесі Шот-Аман Уәлиханов.
Жатқан жеріңіз нұрға бөленіп, жаныңыз жәнатта, орныңыз жұмақта болсын!
Күлпән Хайроллақызының
естелік дәптерінен.
Дайындаған музей қызметкерлері.