8 Наурыз – көктемнің шуақты мерекесі, аналарымызға тағзым етіп, олардың өнегелі өмір жолын ұлықтайтын ерекше күн.
Осы мереке аясында Шоқан Уәлиханов Сырымбет тарихи-этнографиялық музейі ұжымы асыл анамыз, музейдің ұйымдастырылуына өлшеусіз үлес қосқан, бүгінде өмірден өткен Атығаева Зәкен Қасқиқызын еске алады.
Зәкен Қасқиқызы – туған жерінің тарихы мен тағдырына бейжай қарамай, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бар ғұмырын арнаған жан еді. Музейдің қалыптасу кезеңінде аянбай еңбек етіп, жәдігерлерді жинақтауға, тарихи деректерді толықтыруға, келешек ұрпаққа аманат болар мұраны сақтауға үлкен үлес қосты. Оның табандылығы мен жанашырлығының арқасында музейіміз бүгінгі дәрежесіне жетті.
Ол кісі тек білікті ұйымдастырушы ғана емес, көпке ақылын айтып, аналық мейірімін төккен парасатты жан болатын. Жылы сөзімен, сабырлы мінезімен айналасына үлгі болып, кейінгі буынға жол көрсетті.
Асыл анамыздың жарқын бейнесі, жасаған игі істері ел жадында мәңгі сақталады. Оның еңбегі – ұрпаққа өнеге, туған жерге деген шексіз сүйіспеншіліктің айқын көрінісі.
Жаны жәннатта, иманы саламат болсын. Ардақты ананың рухына тағзым етеміз.
Создано: 06 марта 2026
15



